Бөлім басшысы және РАНТ мүшесі Ақмола облысында
Қазан айының 6 күні республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі, Мүфтияттың діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов Степногорск қаласында бірнеше кездесу өткізді.
Алдымен жергілікті полиция басқармасының ұжымымен жүздесіп, оларға діни жат ағымның себеп-салдарлары жайлы айтып берді. Деструктивтік ағымның жетегіне ерген адамдармен күресудің жолдарын ортаға салды. Бұл мемлекеттің де қолға алар ісінің бірі екені анық. Құқық қорғау органдары да бұған өз үлестерін қосып келеді.
Ең бастысы, елдік мүдде басты орынға қойылып, ішкі қауіпсіздік мәселелері назарда ұсталуы тиіс. Қоғамдағы бірлік пен ынтымақ жарасым табуы үшін мұндай істен ешкім сырт қалмауы керек деген түйін түйілді.
Осы күні ол тағы бірнеше кездесу өткізді. Мешіттегі намаздарға қатысып, жамағатпен әңгімелесті. Онда діни ағымның мәселесі айтылды. Мүфтияттың жасап жатқан жұмыстары да тілге тиек етілді. Намазхандар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Степногорск қаласындағы түзету мекемелеріндегі бас бостандығынан айрылғандармен кездесу барысында да дәстүрлі діннің құндылықтары жайлы терең әңгіме болды. Мұндағы адасушылыққа ұрынып, ақыры темір тордан шыққан жандарға қасиетті діннің қағидаттарымен ақыл-кеңес берілді.
Дәстүрге айналған әр аптаның бейсенбі күні ақшам намазынан кейін жайылатын «Бейсенбілік дастархан» үстінде мешіт жамағатына уағыз-насихат айтты.