РАНТ мүшесі Ақмола облысында іс сапармен болды.
Республикалық ақпараттық-насихат тобының мүшесі Нұрболат Аманбайұлы Ақмола облысында болып, жергілікті халықпен кездесулер өткізді. Қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе – экстремизм мен лаңкестік сияқты бүлдіргі саналардан арылту тақырыбында тағылымды әңгімелер айтты.
Жат ағымдармен күрес жайы талқыланды
Елорда іргесіндегі Целиноград ауданына ат басын тіреген РАНТ мүшесі Нұрболат Аманбайұлы аудандық мешітте жергілікті жамағатпен кездесті. Ол дініміздегі асыл құндылықтарды кеңінен сөз етіп, адамдарды адастырып жүрген жат ағымдардың зиянын да әңгіме өзегіне айналдырды. Мұндай жат кеселден сақтанудың жолдарын нұсқады.
Оған жамағат тарапынан да көп сұрақтар қойылды. Мұндай жат ағымдарды аластау үшін не істеу керек? – деген сауалдар да тікесінен қойылды. Осының барлығы әр адамға қатысты екенін айтылды. Әсіресе, отбасындағы тәрбиенің бір өзегі осы болу керек деп түйін түйілді.
Осы күні ол жергілікті аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен кездесіп, экстремизмнің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасты. Жат ағымдағылармен күресудің жолдары жайлы ойлар ортаға салынды.
Сонымен бірге, Нұрболат Аманбайұлы осы ауданға қарасты Қоянды және Талапкер ауылдарында да болды. Мешіттерде өткен кездесулерде дініміздің ізгілік пен мейірімділік тақырыбында айтылатын келелі ұғымдарын ортаға салды.
Жас ұрпақ ұлттық санада тәрбиеленуі керек
Қосшы қаласындағы №2 орта мектепте оқушылармен кездесуі кезінде ұлттық салт-дәстүрлердің маңызы жайлы ой айтты. Діннің де ұлттық дәстүрмен біте қайнасқанын, осы арқылы ұлтты тәрбиелеу аса тағылымды екенін тілге тиек етті.
Жас ұрпақ өкілдеріне теріс ағымдардан сақтанудың жолдарын түсіндірді. Олардың қойған сауалдарына жауап қатты. Ұлттық сананы қалыптастырудың жайы кеңінен әңгімеленді.
Қосшы қаласындағы кездесу осындағы Бөгенбай батыр атындағы мешітте өткен жұма уағызымен түйінделді. Жамағатқа дін мен дәстүрдің бір-бірінен ажырамас ұғымдар екені тереңірек жеткізілді. Осының бәрі жат ағымдардың белең алған тұсында одан сақтануға және алдын алуға қам жасайтыны анық.