Имамға Құрмет грамотасы табыс етілді
Республика күні мерекесіне орай Көкшетаудың еңселі сарайында салтанатты жиын өтіп, өңір басшысы Ермек Маржықпаев Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбитке Президенттің Жарлығымен марапатталған Қазақстан Республикасының Құрмет Грамотасын табыс етті.
Бұл ел мүддесі жолындағы мінсіз еңбегін бағалаған марапат. Асыл дінімізді насихаттап, қоғамымызда имани сананы қалыптастыру ісіне ерекше үлес қосып жүрген бас имам Қуаныш қажы ұзақ жылдан бері адал тер төгіп келеді. Мешіт—рухани орталық болғасын адамдардың жүрегіне иман сәулесін шашып, ізгілікті насихаттау әр дін қызметкерінің қастерлі міндеті іспеттес. Күн сайын Алланың үйінің есігін ашқан әр адамды ыстық ыждаһатпен қарсы алып, біріне дін үйретіп, енді біріне қайырымдылық қолын созып, қаракеті де көп, қарбаласы да мол шаруаның басында осы Қуаныш қажы сияқты имамдарымыздың жүргеніне шүкіршілік етеміз. Бұл биік марапат Ақмоланың барша имамдарының еңбегін жоғары бағалағандық деп білеміз. Кешегі ел басына күн туған пандемия кезінде де осы имамдар аттан түспей, қиналған, қамыққан жандарға жанашыр болды. Бір ғана мысал, осыдан бес жыл бұрын Қуаныш қажы Сәбит Ақмолаға бас имам болып келгенде үйсіз, күйсіз жүрген жандарға қамқорлық таныту үшін «Ел үлесі — пәтерге!» деген жобаны бастаған еді. Кейін бұл бастама Мүфтият тарапынан да қолдау тауып, республикалық жобаға айналды. Осы жобаның арқасында жүздеген отбасы қоныс тойларын тойлады. Осы бастамасының өзі имамның халықшылдығын, елдік істерге мұрындық болып жүргенін айғақтайды.
Біз Қуаныш имамды мерейлі марапатымен шын жүректен құттықтап, алда алар асулары биік болсын деп тілейміз.