Қазақы мейрамханы халал сертификатын алды
Еліміздің Бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы Көкшетау қаласындағы сапары кезінде бірқатар іс-шараларға қатысты. Осыдан жарты жыл бұрын есігін айқара ашқан «Ас болсын» мейрамханасында болып, қызмет көрсету жағдайымен танысты. Аталған мейрамхана екі үлкен залдан тұрады. Алғашқы зал таза қазақы ұлттық тағамдарға арналған. Қазақтың қазы-қартасынан дәм татқысы келгендерге дастархан мәзірі ұсынылады.
Өз меймандарына ұлттық аспаппен ән мен күйден шашу шашылады. Залдың өн бойында қазақы болмыстың сыр сипаты сезіледі. Қабырғаларға ілінген қазақ ұлыларының бейнелері мен асыл сөздері де даналық айтып тұрғандай.
Ал, екінші зал Азия халықтарының асханасына арналған. Өзбектің де, ұйғырдың да тіл үйірер дәмдерінен татуға болады.
Міне, осындай сан салалы ұлттық тағамдарды ұсынған мейрамханаға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы халал сертификатын табыс етті.