Танымы терең, тағылымы мол Мәуліт кеші өтті
Қасиетті Мәуліт айының құрметіне, Ақмола облыстық Жақия қажы мешіті әйел — қыздар секторы және «Айғаным» ұлттық рухани даму клубы қыздарының ұйымдастыруымен 10 — қараша күні Көкшетау қаласы «Үркер» мейрамханасында «Ғаламның рахым нұры» атты рухани кеші өткізілді. Мерекелік кеш қасиетті құранның «Аләқ» сүресін оқумен басталып, келген қонақтармен бірге салауат айтумен жалғасын тапты. Әсерлі поэзия оқылды. Рухани кешімізге жиналған қонақтардың саны 180 адамды құрады. Олардың ішінде студенттер де, ақ жаулықты апаларымыз да болды. Мәнді қойылым, мағыналы бейнежазба тамашалап, қызықты ойындар ойнады. Қазақтың ұлттық аспаптары домбыра мен жетігенде әсем күйлер тартылды. Торқалы тойбастар таратылды.
Дәмді дастархан басында Сандықтау ауданы ұстазы Чекушева Махаббат орыс тілінде және Бурабай ауданы ұстазы Нурушева Айжан қазақ тілінде «Алламен байланыс» тақырыптарында керемет уағыздарын көркем тілмен өрнектеді. Алыстан келген екі ұстазға «Al — Sagira» мұсылман киімдері дүкенінен 15 000 тг — ден сертификаттар табысталып алғыс білдірілді.
Қазан айының 24-жұлдызында Көкшетау әйел-қыздарының арасында Науан Хазірет мешітінің ұйымдастыруымен Пайғамбарымыздың(ﷺ) өмірбаянын оқу бойынша өткен білім жарысының жеңімпаздары марапатталды. 1-орынды Исахова Ақлима Мейрамханқызы иеленіп, сыйлыққа Құран шамы табысталды. 2-орын Молжигитова Насимаға бұйырып, «Al — Sagira» киім дүкенінің демеушілігімен намазник тарту етілді. Ал 3-орынды Абдувалиева Сурайя иеленіп, Мұхаммед пайғамбарымыздың (ﷺ) өмірбаяны жазылған кітап сыйға берілді.
Қыз-келіншектер арасында Жақия қажы мешіті ұйымдастыруымен өткізілген «Пайғамбарға арнау» мүшайрасының жеңімпазы Петропавл қаласының тумасы 6-сынып оқушысы Тойлыбай Оразаға 5000 теңге ақшалай сыйлық ұсынылды.
Астана қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өткен ІІ Республикалық мұсылман әйелдерінің «Әсем киім – әйел ажары» сән киім байқауына қатысқан Булутбаева Жазираға Науан Хазірет мешітінің бас имамынан алғыс хат және сыйлық берілді.
Мейрамхана иесіне гүл шоғы және де «Al — Sagira» дүкені демеушілігімен намазник табысталып, мерекелік кешке ең бірінші тіркелген қонақ және ең бірінші кешікпей келген аруларымызға «Tamilla» мұсылман киімдері дүкенінен 10000 және 6000 теңгеге сертификат берілді. Осы шараға «Al — Sagira» және «Tamilla» мұсылман киімдері дүкені, «Hadija» тұрмыстық тауарлар дүкені, «Bayan» дизайн — интерьерлік консультациясы, «Баклава» пісіру аспазы өз сертификаттарын беріп, демеушілік етті.
Кеш соңында «Айғаным» ұлттық рухани даму клубы қыздарына іс шараларға ат салысып жүргендері үшін алғыс хат беріліп сыйлықтар таратылды.
Алыс-жақыннан келген ақ жаулықты апаларымыз бен ару қыздарымыз кештен алған керемет әсерлерін бөлісіп , жылы лебіздерімен өз алғыстарын білдіріп тарқасты.
Мерекелік кешті Пайғамбарымызға (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) салауат айтумен аяқтадық.