Ақсақалдар бата беріп, жарысты
Науан хазірет орталық мешітінің ұйытқы болуымен Көкшетау қалалық қазақ кітапханасында бата беру жарысы өтті. Бұл сайысқа облыс аудандарынан барлығы он ақсақал қатысты.
Байқауға Науан Мүтәлұлы, Нұрлан Әбенұлы және Құдайберлі Мырзабек қазылық етті. Әр қатысушы қазақтың шешендік өнеріне сай бата беріп, өнерлерін ортаға салды. Бата — елдің тілегін тілейтін, ұлын ұлықты, қызын қылықты етіп тәрбиелеуге өнеге көрсететін жол. Осы тағылымды өнегені жалғастырған ақсақалдар жаттанды тілек сөздерін де, қазылар ұсынған тақырыпқа да мүдірмей бата берді.
Осылай бас жүлде Бұланды ауданынан келген Сайлаубай Рахымжановқа бұйырса, қалған екі орынды Жанбатыр Темірғалиұлы (Красный яр кенті) және Белгібай Хасенов (Бурабай ауданы) енді. Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен марапаттар берілді.