Ұлы ханды ұлықтаған күн
Қазақтың соңғы ханы, халық қаһарманы – Кенесары ханның азаттық үшін арпалысқан жорықты жолдарынан сыр шертетін басқосу шара Көкшетау қаласында өтті. Бұл алқалы жиынды өткізуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облыстық өкілдігі және облыстық тарихи-өлкетану музейі жанындағы тарихшылар қауымдастығының ұйытқы болды.
«Хан ордасы Көкшетау: Кенесары – ұлттық қаһарман» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция қасиетті Құран оқумен бастау алды. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз сөзінде азаттық бастауы – Кенесарыдай ардақты хандарымыздың ерлік істерімен өрілгенін атап көрсетті. «Ұлттық рухты жаныған бұл азаттық арпалысы біздің тарихымызда өшпес із қалдырды. Елі мен ері өз туан жерінің тұтастығы үшін атқа қонды» деді Бас мүфти.
Осы игі шараның тағылымды өтуіне дәнекер болған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың атынан сөз алған Көкшетау қаласының әкімі Бауыржан Ғайса да елдік пен ерлік сынға түскен шақтағы Кенесары хан мен оның үзеңгілес батырларының азаттық жолындағы жорықтары тарихтың тереңінде емес, бүгінгі азат елдің шежіресіне айналады деп ой білдірді.
Қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев те құттықтау сөзін айтып, Кенесарыдай ұлы хандардың есімін жаңғырту, оның өнегелі жолын бүгінгі ұрпақ санасына сіңіру тағылымы мол іс екенін тілге тиек етті.
Одан әрі Еуразия ұлттық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жамбыл Артықбаев «Қазақ мемлекеттігі және Кенесары хан», Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов «Кенесары хан туралы кейбір тарихи және мұрағат мәліметтері», «Мемлекет тарихы» институтының директоры, ғалым Еркін Әбіл «Кенесары Жошы ұлысының соңғы ханы», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті, ғалым Аманбай Сейітқасымов «Кенесары ханның хаттарынан», Астана халықаралық университетінің аға оқытушысы Саят Ыбырай «Кенесары ханды қолдаушылар мен Сартай сұлтан туралы ауызша деректер», Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті Сәбит Жәмбек «Нысанбай ақынның «Кенесары-Наурызбай» дастанындағы тарихи шындық көріністері», тарих ғылымдарының магистры Ғалымтай Төлепберген «Кенесары хан – тәуелсіз ел идеясының күрескері» деген тақырыптарда баяндамалар жасады.
Шешендер Кенесары заманының көмескі қалған көріністерін дерек көзімен кеңінен сөз етті. Қаншама тарихи ақпараттар ортаға салынды.
Осы шараға арнайы келген Кенесары ханның, Ағыбай мен Баубек батырлардың ұрпақтары да сөз алып, ой бөлісті. Конференцияны қорытындылаған облыстың бас имамы Қуаныш қажы Сәбит өз сөзінде Кенесары ханның қазақты жеке ел етемін деп аттан түспеген ұлы тұлға екендігін, бүгінгі тәуелсіз еліміздің тарихы осындай жаңа беттермен, ұлттық болмысымызға тән талап тілектермен жазылуы керек. Кешегі кеңес заманында ұлы ханымызды қарақшы атандырып, өзімізге жау етіп көрсетті. Ендігі тарих жаңаша зерделенсе деген мақсат мүдде бар дей келе, баршы қазақтың әр қиырынан келген және онлайн қатысқан тарихшы ғалымдарға өзінің ризашылығын білдірді.
Модератор, ақын Құдайберлі Мырзабек конференцияның шешімі – ол осы шарада көтерілген мәселелер мен ұсыныстар жерде қалмайды деді. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, алдағы уақытта көп істер қолға алынатынын жеткізді.