БАС МҮФТИ «НАУАН ХАЗІРЕТ» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)
Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақмола облыстық орталық «Науан Хазірет» мешітінде жамағатқа жұма уағызын айтты.
«Туған-туыстың хақысы» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти ағайын-туыспен араласу, тек қуаныш пен қайғыда ғана емес, күнделікті өмірде де байланысты үзбеудің маңызына тоқталды.
«Туыстық қарым-қатынасты сақтаудың мұсылман адам үшін мән-мағынасы өте үлкен. Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – демекші, туған-туыспен жақсы қарым-қатынас жасаудың бір әулеттің ғана емес, жалпы қоғамдық бірліктің берік болуына ықпалы зор. Қазақ халқының: «Туысы бірдің – уысы бір», «Ағайын тату болса – ат көп, абысын тату болса – ас көп», «Мал қонысын іздейді, ер туысын іздейді» – деуі де жайдан жай айтылмаса керек. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Нахыл» сүресі, 90-аятында: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Сондай-ақ арсыздықтан, жамандықтан тыяды», – деп айтқан. Туыстар – бір түбірден өскен ағаштың бұталары тәрізді. Осы себепті де олардың арасында береке мен бірліктің болуы, өзара татулық пен мейірімділіктің аясында қарым-қатынас жасауы аса маңызды іс» деді ҚМДБ Төрағасы.
Жұма намазынан кейін Бас мүфти Көкшетау жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға жасады.