Имамдар бас қосты
Науан хазірет мешітінде бас имам Қуаныш қажы Сәбиттің төрағалығымен Ақмола облысы аудан мен қала бас имамдарының жиналысы болып өтті. Онда Мүфтияттың биылғы жылы атқарылатын іс-жоспарларында бекітілген тапсырмалар айтылды. Осыған орай, әр өңірдегі мешіттер өз жоспарларын жасауы тиіс. Ал, облыстың бұл бағыттағы іс-шаралар жоспары да имамдар назарына ұсынылды.
Биыл Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының ұйғаруымен «Ислам және дәстүр құндылығы» аталып, бар іс-шаралар осы жоба аясында жалғасуы тиіс. Діннің тарихы өз алдына ұлттың салты мен дәстүрі негізгі құндылық ретінде қарастырылуы аса маңызды.
Міне, осы тапсырмалар аясында әр салаға жауап беретін наиб имамдар баяндама жасап, алда атқарылар жұмыстарды тілге тиек етті. Мүфтияттың шешімімен «Құран» секторы да ашылғалы отыр. Бұл да өңірлердегі жұмыстарды жаңа қырынан жандандыруға септігі тиетіні анық. Басқосу соңында өз істерімен жақсы қырынан көрінген бір топ имам Мүфтидің Алғыс хаттарымен марапатталды.