БАС МҮФТИ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯДА БАЯНДАМА ЖАСАДЫ (ФОТО)

Бүгін Көкшетау қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Адал еңбек – Пайғамбар сүннеті» республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы баяндама жасады.

«Шариғатымыз күнделікті ішіп-жейтін асымыздың тазалығы мен адалдығына мән беріп қана қоймай, оның адал жолмен келуіне де баса назар аударады. Адамның қос дүниеде де абыройлы, отбасында қадірлі, ортасында сыйлы болуына адал кәсіп жасауы, әділ сауда жүргізуі, не істесе де адалдықтан айнымауы сеп болады. Құран Кәрімде Жаббар Иеміз: «Таза нәрселерден жеңдер және ізгі іс істеңдер», – деп мұсылман адамның жейтін асы адал, атқаратын ісі де ізгі болуы керектігін бұйырған («Муминун» сүресі, 51-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адал кәсіп жасау – парыздан кейінгі парыз» деп адал еңбекті ғибадат-құлшылықпен қатар атаған» деді ҚМДБ Төрағасы.

Сондай-ақ Бас мүфти алдау-арбаудан, алаяқтық, қулық-сұмдықтан бойын аулақ ұстаған мұсылманның тапқаны аз болса да, берекелі болатынын атап өтті. «Жұмысына, кәсібіне немесе саудасына арамдық, теріс пиғыл араласқан адамның тапқаны таудай болса да, берекесіз әрі оның қияметтегі сұрауы тіпті қатты болмақ. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы бір сөзінде «Еңбекпенен таппаған мал дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деп ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп тапқан табыстың қар суындай болып кететінін меңзеген» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Сонымен қатар конференцияда мемлекет және қоғам қайраткері Жабал Ерғалиев, Бас мүфти кеңесшісі Смайыл Сейтбеков, Ақмола облысының ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Нұғыман, философия ғылымдарының кандидаты Жалғас Сандыбаев, тарих ғылымдарының кандидаты Аманбай Сейтқасымов, «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл т.б азаматтар қатысып, баяндама жасады.

Вам может также понравиться...