ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ «НАУАН ХАЗІРЕТ» МЕШІТІНДЕ ЖҰМА УАҒЫЗЫН АЙТТЫ (ФОТО)

Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы Ақмола облысына сапары барысында Науан хазірет атындағы облыстық орталық мешітте жұма уағызын айтты.

«Мұсылманның мұсылман алдындағы ақысы» тақырыбында уағыз айтқан Бас мүфти бір бірін жақсы көру, сыртынан дұға ету, қолынан келгенше барлық мұсылманға бірдей жақсылық жасау, мұқтаж болса жәрдемдесу, кешірімді болу секілді мұсылманның бауыры алдындағы бірнеше міндетіне тоқталды.

«Асыл дініміз адамдарды өзара бауырмалдыққа шақырып, бөлінуден, өзара дұшпандықтан тыйған. Қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 103-аятында Алла Тағала: «Сондай-ақ өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Өйткені: Бір-біріңе дұшпан едіңдер, жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен бауырға айналдыңдар», – деп айтқан. Ислам діні иман келтірген жандарға бір-бірін бауыр, туыс деп танумен қатар, олардың арасындағы ақыларды белгіледі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мұсылманның мұсылман алдында алты ақысы бар: егер кездестірсең сәлем бер, шақырған болса бар, насихат сұраса насихат айт, түшкіріп Алла Тағалаға мақтау айтса, оған жақсылық тіле, егер ауырып қалса, халін сұрап бар, егер қайтыс болса, соңғы сапарға шығарып сал», – деген (Мүслим). Ғалымдар аталмыш хадисті түсіндіре келе: «Мұсылманның мұсылман алдындағы міндеті алты ақымен шектелмейді. Кейбір хадистерде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көп нәрсенің ішінен кейбіріне жекелей тоқталады. Осылай ету арқылы ол жеке аталған істерге ерекше ықтияттылық танытып, мән беру керектігін білдіреді», – деген», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Жұма намазынан соң ҚМДБ Төрағасы мешіт жамағатымен бірге ел амандығы мен тыныштығы үшін дұға тіледі.

Вам может также понравиться...