Ақмола облысында Рамазан айына дайындық мәселелері пысықталды

Ақмола облысы бойынша қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстары талқыланды.

Науан хазірет мешітінде Көкшетау қаласы имамдарының қатысуымен жиын өтті. Басқосу барысында Рамазан айына дайындықтың негізгі бағыттары айқындалып, қала имамдарына нақты тапсырмалар жүктелді. Құлшылық орындарының Рамазан айына толық дайын болуын қамтамасыз ету, әрбір мәселе бойынша жалпы жоспар әзірлеу және жауапты қызметкерлерді бекіту міндеттелді.

Жиында тарауих намаздарын өткізу тәртібі, қарилардың дайындығы, халыққа оразаға қатысты ақпараттық материалдар мен ораза кестелерін дайындау, ай бойы ұйымдастырылатын ауызашар дастархандарының әзірлігі жан-жақты пысықталды. Мешіт жанындағы асханалардың ҚМДБ халал стандартын сақтауы тапсырылды.

Сонымен қатар, қасиетті айда «Рамазан тәттісі», «Бір мәселені шешу» және ауызашарлар ұйымдастыру сынды қайырымдылық шараларын жандандыру тапсырылды.

Айта кету керек, өкілдік бойынша аудан имамдарының Рамазан айына дайындық жұмыстары онлайн форматта қадағаланып, тиісті тапсырмалар берілді.

Вам может также понравиться...