Көкшетауда Ораза айт кең көлемде аталып өтті

Көктемнің шуақты күнімен қатар келген қасиетті Ораза айт мерекесі Науан Хазірет мешіті қабырғасында ерекше рухани әсермен аталып өтті. Наурыз айының 20 жұлдызында жұма күнімен тұспа-тұс келген бұл айт мейрамы жамағат үшін айрықша мәнге ие болды.

Айт намазын Ақмола облысының бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы жүргізіп, жиналған қауымға тағылымды уағыз-насихат айтты. Намаздан кейін жамағатпен бірге еліміздің тыныштығы мен берекесі үшін дұға жасалды.

Мерекелі сәтте мешітке жиналған мұсылмандар бір-бірімен жүздесіп, ақ тілектерін арнап, Ораза айтпен шын жүректен құттықтасты. Жамағат арасында ауызбіршілік пен бауырмалдықтың көрінісі айқын сезілді.

Сонымен қатар, айт намазына еріп келген кішкентай балаларға ерекше көңіл бөлініп, оларға арнайы дайындалған «Айт тәттілері» қоржындары таратылды. Бұл бүлдіршіндердің мерекелік көңіл-күйін арттырып, айттың шаттығын еселей түсті.

Айт мерекесіне орай мешіт ауласында ұлттық дәстүрлер де кеңінен насихатталды. Келушілерге наурыз көже таратылып, қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылды. Атап айтқанда, асық ату, арқан тарту, гір тасын көтеру және қол күресі сынды сайыстар өткізіліп, қатысушылар өзара бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

Бұл игі шара – халқымыздың рухани құндылықтарын жаңғыртып, бірлік пен татулықты нығайтудың жарқын үлгісі болды.

Вам может также понравиться...