АМАЛ – ІЗГІЛІКТІҢ МЕРЕКЕСІ

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни

басқармасының төрағасы, Бас мүфти

 

Аса рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мақтау әлемдердің Раббысы Аллаға тән! Ардақты Пайғамбарымызға Алланың салауаты мен сәлемі болсын!

 

Құрметті қауым!

 

Баршаңызды қасиетті Рамазан айымен қатар келген Амал күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасыға бақ пен береке, бірлік пен татулық тілеймін.

Халқымыз Амал келгенде бір-бірінен амандық сұрасып, көрісіп, ізгі ниеттерін білдіреді. Көрісу күнінде жастар үлкендерге арнайы барып, сәлем береді. Ал қазыналы қарияларымыз жас буын өкілдеріне ақ батасын беріп, алғысын жаудырады. Бұл – тәрбиелік мәні айрықша дәстүріміз. Асыл дініміз барша адамзатты үлкенге құрмет көрсетіп, алғысын алуға үндейді.

Амал мерекесі – қол алысып, көрісетін күн ғана емес, жүрекке жылу сыйлайтын, мейірім мен бауырластық барынша дәріптелетін игі дәстүріміздің бірі.

Мейірімділік таныту – көркем мінездің көрінісі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Адамдарға мейірімді бола білмеген кісіге Алла Тағала да мейірімділік танытпайды», – деген.

Кешірімге, бірлікке, берекеге, ізгілік пен адамгершілікке тәрбиелейтін Амал күні құтты болсын! Әр үйден құт-береке, дастарқанымыздан ырыс-несібе кетпесін! Әумин!

 

 

Вам может также понравиться...