Көкшетауда дүбірлі айтыс өтті
Биыл қазақтың біртуар тұлғалары – Науан хазірет пен Ақан серінің туғанына 180 жыл толды. Көкшенің осы ақиық екі перзенті көздері тірісінде бір-бірімен дос болған. Екеуі де Тінәлі қажының қыздарына үйленген. Бірі асыл дініміздің алтын арқау тұғырын тереңдетсе, екіншісі өзінің өнердегі орнымен қазақтың жүрегінде өшпес орын алды.
Міне, Науан хазірет мешіті бастама көтеріп, осы екі тұлғаны еске алуға арналған «Науан хазірет пен Ақан сері дәстүрі» атты облыстық ақындар айтысын өткізді. Бұл дүбірлі додаға он екі айтыскер қатысты.
«Болашақ» жастар сарайында өткен шараны белгілі ақын Құдайберлі Мырзабек жүргізіп отырды. Барша қауымды осынау мерейлі мерекемен Бас мүфтидің кеңесшісі Кенжетай Байкемелұлы және Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин құттықтады.
Алғашқы ақындар жұбы да сахна төріне шықты. Суырып салмалық өнердің майталманы ерейментаулық Ерлан Дәулет Көкшетау қаласының жас ақыны Абзал Жұмабекпен сөз сайыстырды. Екеуінің де қарқыны жаман болған жоқ. Дегенмен, Ерлан бір көш алда болғанын қазылар алқасы да дауыс беру кезінде анықтады. Бұл жолы дауыс беру ұпай көрсетумен емес, қамшысын көтерген қазылардың қазақы дәстүрімен жалғасты.
Одан әрі Орынбай ақынның ұрпағы Мұхамет Қоңқай мен шортандылық Ақынбай Сәрсенби арасындағы айтыс та тартымдылығымен есте қалды. Бұл жолы Мұхамет Қоңқай жеңіс тұғырынан көрінді. Оны екі ақынның қай-қайсысы болсын білек сыбанып келгендері көрініп тұрды. Кім жеңісті оңайлықпен бере қойсын. Бізді бір қуантқаны – жоғарыдағы Ерлан ақынның жұбайы Жаңылжан Жолдымұрат өзінің нәзік дауысымен сөздің мәйегін әрлеп жеткізетін өнер иесі екенін танытқаны еді. Ерлі-зайыптылардың қазақ өнерін қос қанатындай көтеруі жақсылықтың нышаны дер едік.
Айтыстың қорытындысында бас жүлде Ерлан Дәулетке бұйырды. Бірінші орынға Мұхамет Қоңқай лайық деп табылды. Ал, қалған екі жүлделі орын Құрметхан Құралхан мен Жаңылжан Жолдымұратқа берілді. Жалпы, барлық ақындарға Алғыс хаттармен ақшалай сыйлықтар үлестірілді.
Осы шараның бастауында болған Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбит өз сөзінде Науан хазіреттің қазақ тарихындағы айрықша орнын ерекше атап өтті. Өзінің өнерімен демеу болған Ақан серінің де Науан хазіретпен жарастығы ерекше сабақтастық екенін атап көрсетті. Осы шараның алдында бас имамның бастамасымен Науан хазіреттің өміріне арналған халықаралық конференция өткен. Алда Бас мүфтидің дін мен дәстүрді қатар ұстау жөніндегі бастамасына орай басқа да игі шаралар өтеді деді.