Имамдар тәжірибе алмасты
Мүфтият діни насихатты жақсарту мақсатында көптеген жаңа жобаларды қолға алды. Соның бірі—бір өңірдің имамы екінші өңірге барып, тәжірибе алмасуы. Бүгінде осы жоба аясында Орал қаласының бас имамы Руслан Сұлтанов Көкшетау қаласына келіп, тәжірибе алмасып жатыр.
Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбит жергілікті мешіттердің бас имамдарын жинап, Жайықтың бойынан келген дін өкілімен таныстырды. Екіжақты пікір алмасқан басқосу болды. Өз кезегінде Руслан Сұлтанов Мүфтият бекіткен бес бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен жан-жақты таныспақшы. Өздерінде атқарылған жұмыстарды саралап, Ақмола өңірінен өзіне керек-ау деген жақсы істерді жанына түймек.
Орталық мешітте жамағатқа уағыз айтып, «Бірлік» шағын ауданындағы салынып жатқан мешіт және Жақия қажы мешіті жанындағы бой көтерген медресе құрылыстарымен де танысты.
Алда басқа да іс-шараларға қатыспақ. Ең бастысы, жақсы іске жанашыр болу, дін қызметкеріне қажет білімін толықтыру. Сондықтан екі іргелі өңірдің бір-бірімен тәжірибе алмасуы жақсылықтың нышаны дер едік