Молодежный ауылында мешіт ашылды
Мешіт — Алланың үйі, руханият орталығы. Жер-жерде мешіт ашу жақсы үрдіске айналып келеді. Көкшетау қаласының іргесіндегі Зеренді ауданына қарасты Молодежный ауылында жаңа мешіт есігін айқара ашты. Мұнда осыған дейін мешіт мүлде болмаған еді. Ауыл тұрғындары бастама көтеріп, қаражат жинады. Бұған да бес жыл өткен екен. Мешіттің ашылу барысында құрылысқа үлес қосқан азаматтарға бас имам атынан алғыс хат табысталды.
Жаңа мешіттің әр тасын, кірпішін ауыл тұрғындары өздері қалады. Осылай құлшылық орнының салтанатты ашылуы қасиетті Жұма күніне орайластырылды.
Мешіттің алқызыл жолағын қию құрметіне облыстың бас имамы Қуаныш қажы Сәбит, облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы, «Достық» үйінің директоры Ермек Нұғыманов, Зеренді ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Закарянов және ауылдың абыз ақсақалы ие болды.
Бұл қуанышқа елдің бар игі жақсылары, зиялы қауым және елге танымал тұлғалар қатысты.
Алдымен жаңа мешітте сәлем намазы оқылды. Жиналған қауым иық тіресіп Жұма намазына тұрды. Ауылдың қуанышында шек жоқ. Бұл да имандылыққа бет бұрған ауылдың болашағы жарқын дегенді білдірсе керек.
Мешіттің ашылуы жиналған қауымға арналған аспен жалғасты.