Наиб мүфти Мұқатай Ермек қажы Қасболатұлы Ақмола облысына жұмыс сапарымен келді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Мұқатай Ермек қажы Қасболатұлы ҚМДБ РАНТ жоспары аясында Ақмола облысына арнайы іс-сапармен келді.
Іс-сапардың алғашқы күні, 26 қарашада наиб мүфти Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейіне зиярат етіп, өңірдің тарихынан сыр шертетін жәдігерлермен және діни-танымдық материалдармен танысты.
Одан кейін Ақмола облыстық Науан Хазірет мешітінде Көкшетау қаласының имамдарына арналған семинар өтті. Кездесу барысында наиб мүфти Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, «Уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті: заманауи құралдарды дұрыс қолдану» тақырыбында тағылымды дәріс оқыды. Семинарда діни насихат жүргізудің талаптары, уағызшының әдебі мен жауапкершілігі, заманауи ақпараттық құралдарды тиімді пайдалану мәселелері кеңінен қамтылды.
Сондай-ақ Мұқатай Ермек қажы Қасболатұлы Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясында офицерлер мен курсанттармен кездесті. Шамамен 150 адам қатысқан жүздесуде лудомания, суицидтің алдын алу, отансүйгіштік пен елге деген жанашырлық, азаматтық жауапкершілік мәселелері қозғалды. Наиб мүфти жастарды рухани құндылықтарды берік ұстануға, Отанға адал қызмет етуге шақырды.
Күннің соңында Көкшетау қалалық Жақия қажы мешітінде құптан намазынан кейін жамағатпен кездесу өтіп, «Адал қоғам» тақырыбында уағыз айтылды. Жиында адалдық, әділдік, аманатқа беріктік және қоғам алдындағы жауапкершілік мәселелері сөз болды.
Іс-сапардың екінші күні, 27 қарашада наиб мүфти «Арна» Көкшетау жоғары колледжінің студенттерімен жүздесті. Алпысқа жуық студент қатысқан кездесуде «Дін мен дәстүр сабақтастығы» тақырыбында дәріс оқылып, ұлттық құндылықтар мен асыл дініміздің өзара үйлесімі, жастар тәрбиесіндегі маңызы түсіндірілді.
Сонымен қатар наиб мүфти Көкшетау қаласындағы жұма намазына қатысып, «Құмар ойын – құрдымға бастар жол» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Уағыз барысында құмар ойынның жеке адамға, отбасына және қоғамға тигізетін зияны айтылып, одан сақтанудың маңыздылығы түсіндірілді.
Жұма намазы алдында жергілікті кәсіпкерлерге уақыпнама табыстау рәсімі өтті. Бұл игі бастама кәсіпкерлердің қайырымдылық пен сауапты іске үлес қосуына, діни және әлеуметтік жобалардың дамуына бағытталды.
Наиб мүфтидің Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары аясындағы кездесулер рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстарды жандандыруға, имамдардың біліктілігін арттыруға және қоғамдағы өзекті мәселелердің алдын алуға арналды.







