АҚМОЛА ОБЛЫСЫНДА «ӘУЕЗДІ АЗАН» ОБЛЫСТЫҚ БАЙҚАУЫ ӨТТІ
Ақмола облысы Атбасар аудандық мешітінде азаншылар арасында «Әуезді азан» облыстық байқауы ұйымдастырылды.
Рухани шараға облыстың әр өңірінен 27 азаншы қатысып, азан шақыру шеберлігі мен дауыс мәнері бойынша бақ сынады.
Байқаудың әділқазылар алқасының құрамында ҚМДБ Құран секторының меңгерушісі Шыңғыс Жаппарханұлы Садуов және Алматы қаласындағы «Орбита-3» мешітінің азаншысы Қайрат Кенжебекұлы және Науан Хазірет мешітінің ұстазы Арлан Аманжолұлы болды.
Байқау барысында әділқазылар алқасының мүшесі Қайрат Кенжебекұлы қатысушыларға арнайы шеберлік сабағын өткізіп, азан шақырудың қыр-сырын түсіндірді. Сонымен қатар, өзінің тәжірибесімен бөлісіп, азаншыларға дауыс мәнерін жетілдіру мен азан айту шеберлігін шыңдау бағытында пайдалы кеңестер берді.
Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:
- І орын – Абдурахманұлы Әбілқасым (Атбасар ауданы);
- ІІ орын – Оразымбет Нұрислам (Аршалы ауданы);
- ІІІ орын – Набиданов Хузайфа (Қосшы қаласы).
Жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. Сондай-ақ байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылуына үлес қосқан азаматтарға алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар берілді.
Айта кетейік, іс-шараның негізгі мақсаты – азан өнерін кеңінен насихаттау, азаншылардың кәсіби шеберлігін арттыру, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және мешіттердегі азан шақыру дәстүрінің маңыздылығын дәріптеу.












