Сауаты мықты елдің – болашағы зор
Бүгінде елдің ұлттық болмыс-бітімін қалыптастыру, діни сауатты нықтау – өмірдің талабы іспеттес. Себебі, не ұлтының дәстүрін білмей, не діни салттардан мақұрым жастар көбейіп, ағымдардың жетегінде кетіп жатқаны да жасырын жай емес. Ел болу үшін өзіңнің түп тегіңді ұғынып, тарихды зерделеп, дәстүріңді жаңғырту аса маңызды дер едік.
Міне, Мүфтияттың уағыз-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, РАНТ мүшесі Думан Сайфоллланың Көкшетау қаласындағы кездесулері осы өзекті тақырыптарды қамтыды. Алдымен осындағы жоғары білімнің қарашаңырағы – Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде студент жастармен кездесіп, бүгінгі қоғамды толғандырған мәселелер жөнінде тағылымды әңгіме қозғады.
Бұл ретте әлеуметтік желілердегі теріс жолға насихаттайтын жазбалардың әсер-ықпалы туралы, одан сақтану жолдарын жіліктеп айтып берді. Жастарға елдің ертеңгі тірегі болар істерге ұйытқы болу үшін көп білім алу керек деді ол.
Ал, Науан хазірет мешітіндегі оқырмандармен болған кездесуде өзінің «Қалып» атты кітабының мазмұнымен таныстырды. Жалпы, адам жан-жақты болуы үшін кітапты да көп оқуы керек. Күнделікті әлеуметтік желіге құныққан адамдардың көп адасушылыққа ұрынатыны да бар. Кітап оқу арқылы біліміңді ұштап, тағылымыңды арттырып, ізгілікке де шуағын шашатынын қаперден шығармау абзал екенін әсерлі жеткізді.
Мүфтият өкілі Жақия мешітінде Құтпан намазынан кейін жамағатқа уағыз айтты. Онда діни-имани құндылықтар жайлы әңгіме қозғады. Жамағатқа мешіт пен онда атқарылатын діни рәсімдердің әдебін де түсіндірді.
Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімі жауынгерлерімен болған кездесу тақырыбы экстремизмге қарсы іс-әрекеттер турасында өрбіді. Бұл кеселге ұрынбаудың жолы – имани сауатты болу екені анық. Сондықтан ел қорғау, Отанына сүйіспеншілікпен қараудың астарында патриотизм құндылықтары жатыр. Ел қорғау –қасиетті іс. Әскери адамдарға жүктелер жауапкершілік те жоғары деп атап көрсетті ол.
Мүфтият өкілі Думан Сайфолла Науан хазірет мешітінде жұма намазына қатысып, уағыз айтты. «Үлкенге құрмет, кішігі ізет» тақырыбын қаузап, қазақы дәстүрлерден аттамау мәселесін жан-жақты әңгімеледі.
Мыңдаған жылдар тарихы бар Ұлы даланың үзілмей келе жатқан жақсы сипаттарын мысал етті.
Осы күні Көкшетау қаласы имамдарымен кездесіп, пікір алмасты. Дін қызметкерінің болмыс-бітімі қандай болу керек деген сауал төңірегінде ойларын ортаға салды. Білімді қызметкерге жамағатта үйір болады. Себебі, әртүрлі ағымдардан жетегіне еріп, адасып жүргендерге жол көрсету білімді имамның қолынан ғана келеді деді Думан Сайфолла.