«Жаратылыстың жауһары» кітабының тұсаукесері өтті

Ақмола облыстық «Науан Хазірет» мешітінде ақын әрі қаламгер Арлан Бердалиннің «Жаратылыстың жауһары» атты кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.
Рухани шараға зиялы қауым өкілдері, дін қызметкерлері мен жамағат қатысты. Кітаптың тұсауын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы кесіп, автордың еңбегіне жоғары бағасын берді.
Аталған туындының басты ерекшелігі – Алла Елшісі Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолын көркем дастан үлгісінде жырлауы. Кітапта Пайғамбарымыздың дүниеге келуінен бастап Таиф сапарына дейінгі кезеңі өлең жолдарымен баяндалған.
Шара барысында кітаптың мазмұны мен тәрбиелік маңызы сөз болып, оқырман қауымға рухани құндылықтарды дәріптейтін еңбектердің мәні түсіндірілді. Жиын соңында авторға ізгі тілектер айтылып, қатысушыларға кітап туралы кеңінен ақпарат берілді.






