Ернар Қалмаханұлы Ақмола облысында тағылымды дәрістер өткізді

Алматы қаласы Қарағайлы мешітінің имамы, ҚазҰУ-дың аға оқытушысы Ернар Қалмаханұлы Ақмола облысына іссапармен келді.
Іссапар аясында бейсенбі күні аудан имамдарына «Ислам тарихы» тақырыбында дәріс оқыды. Дәріс барысында ислам өркениетінің қалыптасу кезеңдері, мұсылман ғұламаларының ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі, сондай-ақ тарихи тәжірибенің бүгінгі қоғам үшін маңызы жан-жақты түсіндірілді.
Сол күні құптан намазынан кейін Көкшетау қаласындағы Жақия қажы мешітінде уағыз өткізіп, жамағатты ынтымақ-бірлікке, білім мен парасаттылыққа үндеді.
Жұма күні Ернар Қалмаханұлы «Ағымдардың айласы» тақырыбындағы подкастқа қатысып, қоғамдағы түрлі жат идеологиялардың ерекшеліктері мен олардан сақтанудың жолдары жөнінде пайдалы мәліметтермен бөлісті.
Сонымен қатар облыстық мешітте «Жан рахаты – Алланы еске алудан тұрады» тақырыбында жұма уағызын жүргізіп, жүрек тыныштығы мен рухани кемелденудің негізгі жолы Алланы ұлықтау мен Оны еске алуда екенін насихаттады.
Жұма намазынан кейін еліміздің амандығы, жеріміздің тыныштығы мен халқымыздың бірлігі үшін арнайы дұға жасалды.






