Жас отбасылар сайысқа түсті
Науан хазірет мешіті Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, ізгі қоғам қалыптастыру үшін жас отбасыларға арналған спорттық сайыстар ұйымдастырды. Қазақтың киелі шаңырағына шаншылған уығы іспеттес жас отбасылар елдің ертеңгі тірегі саналады. Оларға рухани тәрбие берудің маңызы зор. Науан хазірет мешітінің наиб имамы Ұлан Беркенбайұлы жас отбасылар алдында сөз сөйлеп, «Бала тәрбиесі – бір өнер» жайлы тағылымды әңгіме айтты. Қазақтың тарихы тым тереңде жатыр. Ізгілікті де, мейірімділікті де санаға сіңіру әрдайым ұлағат іс болғасын, асыл дініміздің де болмысымызға жақын дәстүрлері ең алдымен адалдықты, өз туған жерін сүюді насихаттайды. «Отан отбасынан басталады» деген даналықтың да айтылуы тегін емес.
Міне, осындай келелі әңгімені тыңдағасын, жас отбасылар спорттық сайыста бақтарын сынады. Жеңіске жеткен жастарға арнайы медаль, диплом мен сыйлықтар табыс етілді.