Құранға деген құштарлық

Қосшы қаласында әйел — қыздар жамағатына арналып “Құран жүрегімнің көктемі” атты рухани кеш өтті. Кеш шын мәнінде рухани байлықтың, білім мен тәрбие беру ісінің маңызды бір бөлігі болды. Бұл шарада Қосшы қаласындағы “Бөгенбай батыр” және “Оңдыбай ата” мешіттерінің әйелдер мен қыздарға арналған сауат ашу курсында 56 шәкірт тәжуид ережелерін меңгеріп, Құранды жаттағандары үшін арнайы құрметке ие болды. Шәкірттерге Құран мен сертификаттар табыс етіліп, тәж кигізілді.

Кеш барысында “Бөгенбай батыр” мешітінің бас имамы Төлеген Арғынбайұлы өз сөзінде биылғы тақырып “Ислам және отбасы құндылығы” жайлы уағыз жүргізді. “Оңдыбай ата” мешітінің бас имамы Әбдіәлі Әбжанов те өз ойымен бөлісіп, қаланың теолог мамандары Талшын Зарқымқызы мен Гүлнәр Жұбаназарова  ұстаздары әйелдер қауымына уағыз айтты.

Сонымен қатар, “Құран қасиеті” және “Пайғамбар қадірі” тақырыптарында көрініс қойылып, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Құранға қатысты сұрақтар қойылып, жамағаттың белсенді қатысуы қамтамасыз етілді. Кештің соңында келген қонақтарға сөз берілді. Ал, ақсақалдар жастарға өз баталарын беріп, ізгі тілек тіледі.

Бұл рухани кеш қасиетті Рамазан айы алдындағы жақсы бастама ретінде әйелдер мен қыздар жамағаты үшін ерекше мәнге ие болды.

 

Вам может также понравиться...