Имани тағылым кеңінен әңгімеленді
Ақмола облысына уағыз-насихат жұмысымен келген Астана қаласының «Әл-Ғани» мешітінің наиб имамы, РАНТ мүшесі Ғазиз Ахмет жергілікті жердегі діни мәселеге қанықты. Гранитный кентіндегі түзету мекемесінде болып, жазасын өтеушілермен кездесті. Оларға имани сауаттылық жөнінде әңгіме өткізді.
Жаза басқан адамдардың одан әрі қадамдарын қалт баспаулары үшін темір тордың арғы жағында да сабақ алатын жайлар бар. Себебі, кейбіреулер имани сауаты болмағандықтан діни ағымдардың жетегінде де кетуі ықтимал. Осы мәселе кеңінен әңгіме өзегіне айналды.
Елордалық мейман сол күні Науан хазірет мешітінде Жұма уағызын айтты. Ұлттық дәстүр мен діннің бірлігіміз бен ынтымағымыздың тірегі екеніне тоқталды.
Қала имамдарына уағыз айтудың әдебі мен мәдениеті тақырыбында семинар өткізіп, дәріс оқыды. Уағыз айтқанда жамағаттың жүрегіне жол табар көркем сөз бен шебер тіл, орамды ой терең болса, тағылымы мол болады деді.
Сонымен бірге, Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде студент жастармен кездесіп, қазақтың тарихы терең тіршілігі, ұлттық дәстүрдің асыл дінімізбен астасқан тұстарын әңгіме етті. Олардың қойған сауалдарына жауап қайтарды. Еркін сұхбаттасу болды.