«Әйел — адал қоғамның тірегі» форумы және «Үздік ұстаз — 2026» байқау қорытындысы

Ақмола облысы Көкшетау қалалық «Науан Хазірет» мешітінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Әйел — адал қоғамның тірегі» атты кең ауқымды форум болып өтті. Игі шараға аймақтан 40-қа жуық қыз-келіншек пен ақ жаулықты аналар мен әжелер қатысты.
Басқосудың шымылдығы қасиетті Құран аяттарын оқумен ашылды. Форум барысында отбасы құндылығы, әйел адамның қоғамдағы өнегелі орны мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі сияқты салмақты да маңызды тақырыптар кеңінен талқыланды.
Салмақты ойлар мен өнегелі баяндамалар
Форумның кіріспе бөлімінде Ақмола облысы «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Гүлнара Жұмабайқызы сөз сөйледі. Ол өз сөзінде «Ислам және адал қоғам» жылы аясында өтетін іс-шаралардың мән-маңызына тоқталып, «адал қоғам» ұғымын кеңінен айшықтап берді.
Келесі кезекте сөз алған білім беру ісінің үздігі, физика пәнінің мұғалімі Сәуле Әкімбетова апамыз «Әйел — ұлттың ұяты, қоғамның тірегі» атты тақырыпты қозғап, заманауи қоғамдағы аналар мен қыздардың рухани бейнесі туралы тұщымды ойларымен бөлісті.
Форумның ең салтанатты сәті — Ақмола облысы бойынша діни ұстаздар арасында өткен «Үздік ұстаз — 2026» байқауының қорытындысын жариялау болды. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығып, білімі мен біліктілігімен дараланған жеңімпаздар келесідей ретпен марапатталды:
I орын — Көкшетау қалалық «Науан Хазірет» мешітінің ұстазы — Нургалиева Диана ұстаз
II орын — Целиноград ауданы «Софиевка» мешітінің ұстазы — Бекебаева Надира ұстаз
III орын — Целиноград ауданы, «Ақмол» мешітінің ұстазы — Ораз Самыргүл ұстаз.
Байқауға қатысып, белсенділік танытқан барлық әйел ұстаздарға Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Жұмабайұлының атынан арнайы Алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ ұлағатты ұстаздарға рухани сый ретінде Арман Бердалиннің «Жаратылыс жауһары» атты кітабы сыйға тартылды.
Алла Тағала атқарылған игі шараны баршамызға пайдалы әрі сауапты етсін! Ұлағатты ұстаздарымыздың еңбектеріне береке, отбасыларына амандық тілейміз!






