«ҚЫЗ БАЛА ТӘРБИЕСІ — ҰЛТ ТӘРБИЕСІ» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ФОРУМ ӨТТІ

Ақмола облыстық «Науан Хазірет» мешітінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен «Қыз бала тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» атты өнегесі мол аймақтық форум өтті. Рухани шараға 40-қа жуық ақ жаулықты аналар мен әжелер, сондай-ақ қыз-келіншектер қатысты.
Басқосудың шымылдығын түрген алғашқы спикер — «Науан Хазірет» мешітінің ұстазы Махаббат Халикова болды. Ұстаз «Қыз тәрбиесі — ұлт тәрбиесі» тақырыбында тереңнен толғап, қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) ғибратты өсиеттерін, тарихи оқиғаларды мысалға келтіре отырып, қыз баланың қоғамдағы және отбасыдағы рөлін жан-жақты ашып көрсетті.
Келесі кезекте сөз алған білім беру ісінің үздігі, ардақты анамыз әрі «Даналық» әжелер мектебінің мүшесі Махаббат Бегенова «Әже өнегесі — қызға мұра» тақырыбын қозғады. Апамыз ата-бабамыздан қалған асыл құндылықтардың, соның ішінде ұлттық қолөнер мен шеберліктің қыз баласы үшін қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Сөзін ісімен дәлелдеп, қолөнер бұйымдарын көрсетті әрі көпшілікке насихат ретінде өз қолымен ұршық иіріп көрсеткен сәт форумның ең бір әсерлі сәттерінің біріне айналды.
«ДАНАЛЫҚ» ӘЖЕЛЕР МЕКТЕБІНІҢ РЕСМИ АШЫЛУЫ
Форумның ең ерекше әрі тарихи сәті — мешіт іргесінен бой көтерген, қоғамға, келешек ұрпаққа рухани игілік сыйлайтын «Даналық» әжелер мектебінің ресми ашылуы болды. Сүйікті әжелеріміз өз жұмысын іс жүзінде бастап кеткенімен, дәл осы айтулы шарада орталықтың салтанатты түрде лентасы қиылды.
Дәстүрге сай, қуаныштың белгісі ретінде ақ шашу шашылып, жиналған қауым ерекше жақсылықтың куәсі болды.
Шара соңында келген қонақтар өздерінің ақжарма тілектері мен жылы лебіздерін білдіріп, елдің амандығы мен ұрпақтың саналы болуын тілеп, ақ баталарын берді.
Қыз өсіріп, ұлт тәрбиелеп отырған асыл аналарымыз бен әжелеріміздің өнегесі көпке үлгі болғай!






