РАНТ мүшесі Қуаныш Тоқсанбайұлы Әбішев Ақмола облысына арнайы іс-сапармен келді.

Іс-сапар аясында Бурабай ауданы, Щучинск қаласындағы №6 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызметкерлермен кездесу өтті. Кездесу барысында қоғамдағы бірлік пен татулықты сақтау, өзара құрмет, ықыластылық пен ауызбіршіліктің маңызы кеңінен сөз болды. Сонымен қатар діннің адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудағы рөлі туралы тағылымды насихат айтылды.
Одан кейін Қуаныш Тоқсанбайұлы Ішкі істер департаментінің бөлімше мамандарымен кездесіп, қазіргі қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – лудоманияның (құмар ойынға тәуелділіктің) зияны жөнінде кеңінен тоқталды. Кездесу барысында құмар ойындардың жеке тұлғаға, отбасыға және қоғамға тигізетін кері әсері айтылып, жастарды жат әдеттерден сақтандыру мен рухани құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығы түсіндірілді.
Сапар барысында Бурабай аудандық мешітінде жұма намазында «Ихсан – көркем мінез бен шынайы құлшылықтың негізі» тақырыбында уағыз айтып, жамағатқа ихсан ілімінің мәні мен мұсылман өміріндегі орны жөнінде насихат жүргізді. Сондай-ақ құптан намазынан кейін де жамағатпен кездесу өткізіп, діни-рухани тақырыптарда пайдалы уағыз-насихат айтты.






