Көкшетауда «Адамзаттың ардақтысы — әз Мұхаммед» атты мәуліт кеші
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Көкшетау қаласында өткен Мәуліт кешіне қатысып, Алланың елшісі (с.ғ.с.) жайлы тағылымды әңгіме айтты. Бұл ай ұлық пайғамбарымызды еске алып, ғибратқа толы өмірінен сыр шертіледі. Оның көркем мінезі әр мұсылманға өнеге. Осы тұрғыда Мәуліт кешіне жиналған қауым Дінбасының әсерлі әңгімесін ұйып тыңдады. Бұл кеште Аллаға мадақ, Пайғамбарымызға салауат айтылып, мәуліт жыры оқылды.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ел үлесі —пәтерге!» жобасы бойынша 685- інші пәтер сертификатын Ақмола облысы, Зеренді ауданының бас имамы Баужанов Хабзатқа табыс етті. Мүфтият өкілдері Исмайл Сейітбеков пен Сансызбай Құрбанұлы «Өмірге үміт сыйла!» арнайы жобасы аясында Мәуліт сыйы ретінде бірнеше мұқтаж жандарға әрқайсысына 150-500 мың теңге көлемінде қайырымдылық қаражаттарын берді. Мүфтияттың бөлім меңгерушісі, белгілі дінтанушы ғалым Сансызбай Құрбанұлының уағыз насихаты ғибратқа толы болды.
«Өнер қырандары» театрының әртістерінің мерекелік бағдарламасы да көрермен көңілінен шықты. Әсерлі әуезді ән мен күй, мағыналы қойылымдар бүгінгі өмірдегі күйбең тірліктегі имани тақырыптарды қаузады. Мәуліт кеші көрерменнің көңілінен шыққан шара болды.