«Қосшы» командасы чемпион атанды
Бұл спорт додасы жолы жіңішке жандар арасында өтті. Ақмола облысының жергілікті жердегі мешіттері жанынан жасақталған әйел-қыздардың волейбол командалары өзара сайысқа түсіп, кіл жүйрікті таңдады.
Бұған барлығы жеті команда қатысты. Салауатты өмір салтын насихаттаудың айқын үлгісі болған спорт жарысы тартыстылығымен есте қалды. Ешкім жеңілістің ащы дәмін татпау үшін барын да, жанын да салды. Әр ұпай үшін жанталасып бақты.
Волейбол таланттардың ойыны. Допты құлаштап ұруға да өнер керек. Қыздардың осындай өнерді жіті меңгергендері қуантты. Осылай бас жүлдені Қосшы қаласының командасы иеленді. Ал, Бурабай ауданының «Шамшырақ» және Көкшетау қаласының «Науан хазірет» командалары қалған жүлделі орындарды өзара бөлісті.
Жарысты ұйымдастырушылар Жанар Манапты «ең үздік байланыстырушы», Бақытнұр Мейірбанды «Ең үздік либеро» және Зарина Ортайды «Ең үздік шабуылшы» деп танып, оларға да маратапттар берді.Жалпы, жүлде алған барлық командалар арнайы дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.