Қайырымдылық ошағы да ашылды, кәсіп туралы дәріс те оқылды

Науан хазірет мешіті жанында халықтан азық-түлік және киім-кешек қабылдау мақсатында арнайы орын ашылды. Осы шараға арнайы келіп қатысқан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жанындағы “Зекет және қайырымдылық” қорының өкілі Мақсатбек Қайырғалиев мұндай орталықтардың мұқтаж адамдарға көмек көрсетуде маңызды екенін айтты.

Алда осы орталық арқылы қайырымдылық істер жандана түсетін болады. Әсіресе, Рамазан айында ізгілікке көп бөлінетіні тағы бар. Бастаған істің жақсылығы көп болсын деген тілектер де айтылды.

Зекет қорының өкілі Мақсатбек Қайырғалиев одан әрі мүмкіндігі шектеулі жандармен кездесіп, оларға кәсіп ашу жолдары туралы дәріс айтты. Біреуге алақан жайғаннан гөрі, өзіңді өзің қамтамасыз етсең, адал жолмен ақы тапсаң қандай жақсы. Шариғатта да бұған ерекше назар аударылады. Қазақтың ұлттық дәстүрінде де мұндай мысалдар көп. Диана ұстаз қыздарға шеберлік сыныбын өткізіп, кәсіпті қалай бастауға болатынын үйретті.

Осы күні қасиетті жұма намазында “Зекет және қайырымдылық” қорының өкілі Мақсатбек Қайырғалиев жамағатқа уағыз айтты.

 

Вам может также понравиться...