Шариғатты да, тарихты да сөз етті
Науан хазірет мешітінде жергілікті дін қызметкерлеріне арналған екі күндік семинар болып өтті. Шараның алғашқы күні белгілі дінтанушы Қанат Алшымбаев “Теолог маманға қойылатын талаптар” және “Уағыз айтудың әдептері” деген тақырыпта дәріс оқыды. Онда ақида мәселесі кеңінен сөз болды. Шариғатта адаспаудың жолы діни білімде екені анық. Міне, осы жайлар ортаға салынды.
Науан хазірет мешітінің наиб имамы Ұлан Шәріпов “Пәтуә берудің әдептері”, ұстаз Серік Халықов “Құранмен амал ету” тақырыптарында дәріс оқып, шариғат ілімінің сан қырларына тоқталды. Семинардың екінші күні елімізге танымал тарихшы, профессор Жамбыл Артықбаев “Қазақ даласындағы ислам мәдениеті” тақырыбында кең көлемді дәріс жүргізді. Ұлт пен діни тарихтың ұштасқан сырларына қанықтырды. Осылай екі күндік семинардан дәріс алған имамдар жаңаша қалыпта жұмыстарына құлшына кірісті.