Бәйге де, көкпар да мерекенің көрігін қыздырды
Атбасар аудандық мешітінің ұйымдастыруымен қасиетті Құрбан айттың құрметіне ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Биылғы дін мен дәстүр жылына орайлас келген шара Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбиттің құттықтау сөзімен ашылды. Ол Құрбан айттың тағылымын айта келіп, ұлттық салт дәстүрді жандандыру аса келелі іс екенін атап көрсетті.
Бәйге жарыс төрт, сегіз және он алты шақырым қашықтықта өтті. Спорттың осы түрі бойынша жүлде қоры үш миллион теңгені құрады.
Сонымен бірге, ұлттық ойын — көкпардан да тартысты сайыстар болды. Салым қоры 1,5 миллион теңге құрап, көкпаршылар олжа оңайлықпен келмейтінін ұғынды. Барын да, жанын да салды.
Ал, бозкілемдегі белдесулер қашанда көрермен делебесін қыздырған. Бірнеше салмақта балуандар бақ сынасты. Түйе балуан үшін болған сайыс та тартыстылығымен есте қалды. Жүзден жүйрік озғандар жеңіс тұғырына көтерілді. Барлық жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.