Қасиетті айлар — құлшылық арқауы
Науан хазірет мешітінде “Құлшылыққа құлшындырған үш ай” тақырыбына арнайы шара болып өтті. Бұған сексенге жуық қыз- келіншектер қатысты. Мешіт ұстаздары қасиетті айлардың тағылымына кеңінен тоқталды. Алла Тағала өзінің даналығымен кейбір түндерді, күндерді және айларды ерекшелеп қойғанын айта келіп, ислам күнтізбесіндегі осынау қастерлі айлардың танымы мен тағылымын әңгімелеп берді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с. ғ.с.) өз хадисінде:«Ережеп — Алланың айы , Шағбан-менің айым , Рамазан- үмметімнің айы” деген еді. Осылай исламның танымдық әңгімелерімен бастау алған шара қызықты ойындармен жалғасты. Ерекше көзге түскендерге сыйлықтар берілді.
Бірінші ақпан —Халықаралық орамал күні жыл сайын аталып өтіледі. Осы күні иманға ұйып, басына орамал тағып, мұсылмандықтың нәрімен сусындаған шәкірттер арасында «Орамалға қалай келдім? Қандай сезімде болдым» тақырыбында шығармашылық байқау жарияланған еді.Байқау қорытындысы бойынша өздерінің алғашқы орамал таққан сәттерін әсерлі баяндап, эссе жазғандар арасында бас жүлдені Жанар Сәрсенбайқызы иеленсе, Аңсаған Қасымжанова мен Фариза Жомартқызы қалған жүлделі орындарды еншіледі.
Мешіттегі шара көптің көңілінен шықты. Ұстаздар қауымы барлық қатысушыларға ақ алғыстарын айтты.