Алланың кәләм сөздерін жатқа оқыды
Жуырда ғана бой түзеп, өз жамағатына есігін айқара ашқан Көкшетау қаласының «Бірлік» шағын ауданындағы Етекбай молда мешітінде қасиетті Құран кәрімді жатқа және мәнерлеп оқудан ХІІІ республикалық байқауының Ақмола облысы бойынша іріктеу сайысы өтті.
Бұл байқауға барлығы қырыққа тарта адам қатысты. Олар Құранның 10, 20, 30 парасын жатқа және мәнерлеп оқудан сайысқа түсті.
Ақмола облысының бас имамы Қуаныш қажы Сәбит талапкерлердің ынтасына разылығын білдіріп, Алланың кәләм сөздерін жүректерін түйетін жастардың көбейіп келе жатқанын жақсылықтың нышаны деп бағалады.
Ал, сайыскерлерге әділқазылар Серік қари Ахметов, Теміржан қари Мұратов және Мұртаза қари Балахмет баға беріп, жүзден жүйрікті анықтады. Әр талапкер өзінің бар құлшынысын ортаға салды. Әрине, біреудің бағы жанса, енді біреудің бабы шабатыны анық қой. Сөйтіп, бас жүлделерді Дадажанов Расул (10 пара), Шерханов Еркебұлан (20 пара), Хакимов Фазлиддин (30 пара) және Қыдырбай Дәулет (мәнерлеп оқу) иеленді. Барлық жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Осы байқауда жеңімпаз болғандарға республикалық байқауға жолдама берілді.