РАНТ мүшесі Атбасарда болды
ҚМДБ-ның өкілі, РАНТ мүшесі Ислам Маратұлы Атбасар ауданында екі күндік іс сапармен болды. Орталық мешітте бесін намазына қатысып, жамағатпен жүздесті. «Жат ағымның зияны» деген тақырыпта ой қозғады. Имани сауатты болу маңызды екенін түсіндірді. Әсіресе, жат ағымның жетегіне еретін жастарды сақтандыру керектігін баса айтты.
Қала іргесіндегі №1 түзету мекемесіне де кіріп шықты. Осында жазасын өтеушілермен «Құранға махаббат» тақырыбында әңгіме өрбітті. Ар мен жан тазазығы жайлы да жүрекке тиетін сөздерін айтты. Жаза басып, бас еркінен айрылған жандарға түзу жолға түсудің әркезде табылатынын жеткізді.
Жамағатпен кездесу кешенінде ай сайын кездесулер ұйымдастыру дәстүрге енген. Осы шара аясында дастархан басында «Бауырмашылдық – ислам дінінің келбеті» деген тақырыпта пікір алмасты. Жамағаттың сауалдарына жауап берді.
Ал, қасиетті Жұма намазының алдында әкімдік ғимаратында ұстаздармен және әкімдік қызметкерлерімен кездесу өткізді. Қазіргі кездегі елді толғандарыған мәселелер ортаға салынды. Әсіресе, деструктивті діни ағымдармен күресудің жолдары кеңінен әңгімеленді.
Мешіт жанындағы қарилар орталығында болған кезінде тәлім алып жатқан шәкірттерге насихат айтып, діни құндылықтардың маңызды тұстарына кеңінен тоқталды. Сосын жаңадан ашылған мешітте Жұма намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты.