Көкшетау қаласы Жақия Қажы мешітінде «Рамазан сыйы» таратылды

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастамасымен ұйымдастырылған «Рамазан сыйы» республикалық қайырымдылық марафоны аясында Ақмола облысында ауқымды игі шаралар жүзеге асырылуда.
Жалпы облыс бойынша 300 отбасыға азық-түлік себеті табысталды. Оның ішінде Көкшетау қаласында 100 отбасыға көмек көрсетілсе, бүгін Көкшетау қаласындағы Жақия қажы атындағы мешіт 50 отбасыға азық-түлік үлестірді.Аталған қайырымдылық шарасының Ақмола облысында ұйымдастырылуына облыстың бас имамы Қуаныш Жұмабайұлы, Жақия қажы мешітінің бас имамы Ұлан Шарипов және ҚМДБ-ның Зекет және қайырымдылық бөлімінің Ақмола облысы бойынша жауапты өкілі Науан Муталов ұйытқы болды.
Айта кетерлігі, республикалық марафон Ақмола облысына қарасты барлық аудан мешіттерінде де жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қайырымдылық көмегін алған мұқтаж және мүмкіндігі шектеулі жандар ұйымдастырушыларға алғыс айтып, ізгі тілектерін білдірді.






