«Өткенге құрмет – тіріге міндет»: Көкшетауда ескі зиратта тазалық жұмыстары өтті

Көкшетау қаласындағы Науан Хазірет қорымында «Өткенге құрмет – тіріге міндет» атты игі бастама аясында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.
Іс-шараға қалалық мешіттердің діни қызметкерлері мен қарапайым қызметкерлері белсене қатысып, қорым аумағын ретке келтіруге өз үлестерін қосты.
Аталған қорым – қаладағы көне зираттардың бірі. Келушілердің сирек болуына байланысты жаяу жүргінші жолдарын қалың шөп басып кеткен болатын. Тазалық жұмыстары барысында қорым ішіндегі жол толықтай шөптен тазартылып, айналасы көркейтіліп, келушілерге қолайлы жағдай жасалды.
Бұл игі іс – өткенге тағзым етіп, ата-баба рухына құрмет көрсетудің және қоғамдық жауапкершілікті арттырудың жарқын көрінісі. Осындай шаралар арқылы қорымдардың тазалығы сақталып, тарихи-рухани мұрамызға деген жанашырлық нығая түседі.
«Өткенге құрмет – тіріге міндет» деген қағиданы басшылыққа алған қатысушылар алдағы уақытта да осындай қайырымды әрі сауапты істер жалғасын табатынын атап өтті.






