Шағын футбол турнирі
Бүгінгі күні елдің назары ұлттық құндылықтарға ауып отырғаны анық. Қазақтың ұлттық салт дәстүрлерінің асыл дініміздің ұстанымдарымен де ұштасуы заңды құбылыс. Себебі, қазақ жеріне ислам діні келгелі ондаған ғасыр уақыт өтті. Демек, діннің де дәстүрлері ұлттық болмыс-бітімімізбен бірге баршаның ортақ құндылығы болып отырғаны да содан болса керек.
Ел Мүфтияты әр жылды діннің ұлттық тарихпен, салт дәстүрмен ұштасуына бастама көтереді. Биыл да «Дін мен ұлттық құндылықтар жылы» болып бекітілді.
Міне, ізгі қоғам құрып, иманымызды арттырып, ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырту мақсатында көптеген іс-шаралар өткізіліп келеді. Оразаның қарсаңында Шағбан айының қасиетін дәріптеу мақсатында Ақкөл аудандық мешіті тағылымды іс-шаралар ұйымдастырып отыр. Осы бағдарлама аясында «Қайырымдылық жаршысы» атты шағын футбол турнирін өткізді. Мұндағы мақсат – жастарды ізгілікке, мейірімділікке және қайырымдылық істерге баулу болып табылады. Осы шарадан түскен қаражат қайырымдылыққа жұмсалды.
Жалпы, спорт шарасы аса тартысты өтті. Сөйтіп, «Қамқор» командасы бірінші орынды иеленсе, ал, «Тұран жастары» және «Тұран» командалары жүлделі қалған екі орынды өзара бөлісті.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.